Әженің тәрбиесі ізгіліктің жарығындай бала жүрегін нұрландырып тұрады. Көпті көрген көнекөздің өмірден алған тәжірибесі мол. Бар жылы-жұмсағын тауысып, ыстық-суығын ажыратып, бойындағы бар жылуын өз жанының бөлшегіне бөліп беруге даяр ата мен әже – кемел келешекке ақыл үлестіруші кемеңгер.
Атам қазақтың ұрпақ тәрбиесін жоғары қойғандығы соншалық, туған-туыс, бір рулы ел болып, қала берді бүкіл ауыл болып атсалысқан. Әсіресе, үйдегі көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Бүгінде сол әжелеріміз бала тәрбиесіне қаншалықты деңгейде мән беруде? Міне осы сұрақтың жауабын алу мақсатымен ауданымыздың алтын құрсақты, ақ жаулықты асыл әжелерінің басын қосып, өскелең ұрпаққа айтар тәлімдері мен ақыл- кеңестерін тыңдадық.