Самғатқан сан қыранды алтын ұя
№18 Ақкөз Қосанұлы атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) ауданымыздағы іргелі білім ордасы. Киелі қара шаңырақтың 80 жылдық мерейтойы мектеп ұжымының бірлігі мен ынтымақтастығы нәтижесінде кең көлемде аталып өтті.
Іргетасы 1936 жылы қаланған ширек ғасырға жуық қоғаммен біте қайнасқан киелі қара шаңырақтың тарихы тереңде жатқан шежіресін аудан жұртына таныстырып, білгізіп, жеткізу мақсатында Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдық, Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған 80 жылдық мерейтойы мектеп басшысының бастауымен, аудан әкімі және ауылдың беделді азаматтарының қолдауымен «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» тақырыбымен кең көлемде ұрпақтар сабақтастығына үлгі, өнеге боларлықтай іс-шара өткізілді.

Іс-шара барысында осы жылдар ішінде киелі қара шаңырақтан мемлекетіміздің мүддесіне, мақсат-мұратына тегеурінді тірек бола білген түлектер мен сол кезеңде балаларға білім нәрімен сусындатып, дәріс берген ұлағатты ұстаздар туралы деректер жиналып,олардың мектебіміздің, ауданымыздың, Республикамыздың абыройын асқақтатып ұлт мақтанышына айналып отырғандығына көз жеткізді. Мектеп тарихын әр он жыл аралығында тынымсыз еңбек еткен ұстаздар мен сол кезеңдегі түлектерге жеке парақтар арналып, арнайы көрмелер, стендтер мен слайдтар жасалынды. Сонымен қатар, «80 жылдыққа -80 гүл» акциясы ұйымдастырылап, гүлдер аллеясы құрылды. Көрмеге оқушылар мен мұғалімдердің қолөнерлері, шығармашылық жұмыстары қойылып, қонақтарға таныстырылды. Соның ішінде кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың жары, осы аталған мектепте қызмет жасаған ұлы ұстаз Фатима Ғабитова мен ауданымыздың мақтанышы, мектептің түлегі математика логика саласының маманы, физика-математика ғылымдарының докторы рпофессор Төленді Ғарифұлы Мұстафин туралы арнайы бұрыштар жасалынып, аудан жұртшылығына таныстырылды. Сол сияқты мектептің басқа да мақтаныштары тарихта жазылған асқақ аттарымен кейінгі жас ұрпақтарға үлгі-өнеге болатыны анық. Мектеп шежіресіне арнап «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» тақырыпта кітапша жасалынып, келген қонақтарға таратылды. Кітаптың алғашқы бетіне мектеп басшысы Асипа Асанқызы Қалқабаеваның құттықтау, пікір сөзі жазылды.

Іс-шараның өзіндік ерекшелігі ғұлама, заңғар жазушы М.Әуезовтың Меркі жерінде қызмет атқарып жүргенде дүниеге келген ұлы Мұрат Әуезовтің келуі мектеп ұжымы үшін үлкен мәртебе болды. Сөз алған Мұрат Әуезов қасиетті, киелі Меркі жері туралы сағынышы мен жүрекжарды құттықтау сөздерін жолдады. Келген қонақтарға мектеп аясына саяхат жасалынып, сый-құрметтер көрсетілді.




Іс-шараның екінші бөлімі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Келген қонақтар мен көрермендерге, яғни, аудан жұртшылығына 80 жылдық тарихы бар қара шаңырақ мектебін бейнетаспа арқылы көрсетіп, мектеп оқушылары мен ұстаздарының қатысуымен мерекелік концерт қойылып, әуезді кеш ұйымдастырылды. Жыл ағымына қарай сазды әндер орындалып, мың бұралған биші ұлдар мен қыздар нақышына келтіре билеп, шақырылған қонақтардың артта қалған балалық, жастық шақтарына көз жүгіртті. Ұстаздар мен бүлдіршін оқушылардың өнерлеріне тәнті болған көрермендердің сағыныштары басылмай, қуаныштан көздеріне жас үйірілгендері де болды. Іс-шара соңында мектеп ұжымына ерекше ризашылықпен алғыс білдірген қонақтар қимас көздерімен қош айтысып тарасты.
Мәртебесі бір асқақтаған киелі білім ордасы алдағы уақытта да Мәңгілік еліміздің мақтаны болар Ұлы даланың ұрпақтары, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосатынына сенімі мол. Киелі қара шаңырақтың 80 жылдық мерейтойы жалғасын тауып, 100 жылдыққа ұлассын демекпін.
Меркі ауданы
№18 Ақкөз Қосанұлы атындағы тірек мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Джекебаева Клара.