07
декабрь
2018
Жас ұрпаққа - өнегелі тәрбие
Жас ұрпаққа – өнегелі тәрбие
Қараша айында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Жамбыл ауылында Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы білім беретін тірек мектебінде, математика-информатика пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дара жол» тақырыбында кездесу кеші өтті. Кештің арнайы қонағы Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы білім беретін тірек мектебінің ардагер ұстазы, математика пәні мұғалімі, алғашқы боп оқушыларға көк түсті мектеп формасын кигізуді ұйымдастырушы, сыңғырлаған қоңырау үнін күмбірлеген күймен алмастыру бағдарламасын құрушы Мустафина Мадина Ғарифқызы болды.
Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Мустафина Балғын, мектеп директоры Бектурганов Бауыржан, математика пәні мұғалімдері Бекбулатова Бахыт, Байбосынова Роза, музыка пәні мұғалімі Дүйсекова Күлдариха, директордың құқық ісі жөіндегі орынбасары Қуанышева Жамал және де Мустафина Мадина апайымыздың құрбысы әрі көршісі Адильханова Мерибан кештің құрметті қонақтары болды. Кеш барысында мектептің түлектер сыныбына, еңбек жолын енді ғана бастаған жас маман ұстаздарға Мадина Мустафинаның еңбек жолы, мектепке сіңірген еңбектері жайында баяндалып, үлгі тұтар тұлға ретінде таныстырылды. Қонақтар тарапынан әр түрлі сұрақтар қойылып, қызықты тәрбиелік мәні зор кеш өткізілді.

Мадина Ғарифқызы өз пәнін сүйетін, мектебін мақтаныш тұтатын, ұйымдастырушылық қабілеті зор ұстаз. Ұлтжанды, патриоттық рухы биік дара тұлға екендігін жас буындар алдында көрсете білді. Ұстаздың өнегелі еңбек, өмір жолдары, шығармашылық жетістіктері тақта арқылы көрсетіліп, апайдан сұхбат алынды. Осы кездесуден естелік болсын деп мектепке үкілі домбыра мен «Домбыра тартып үйренейік» кітабын сыйға тарту етті. Ардагер ұстазымыз жас мамандарға өзінің ақыл –кеңесін, мектеп түлектеріне мамандақты дұрыс таңдай алудың өмірдегі маңыздылығы туралы пікірін білдірді. Ардагер ұстаздың құрметіне мектеп оқушылары ақындардың шығармаларынан өлеңдер оқып, әндерді тарту етті.
[center]

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл өмірде әркімнің өз жолы бар, оны дара ету әркімнің өз қолында деген мағыналы ой түйінделді. Кездесу барысында қонақтар, жас мамандар мен оқушылар Мустафина Мадина Ғарифқызының еңбек жолын, дара жолын көріп рухани құндылықтармен сусындап, үлкен тәжірибе алып қайтты.